Жылқайдаров Төлеутай: Құқықтық жаңғырудың берік тұғыры

Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның мемлекет ретінде кемелдену жолындағы ішкі сұранысынан туған, уақыт пен тарихи жауапкершілікті ескерген салмақты құжат.
Оның басты ерекшелігі – адамды, оның қадір-қасиеті мен құқығын мемлекеттің орталық құндылығы ретінде нақты әрі анық қоюы. Бұл ұстаным декларативті сипатта қалмай, Конституцияның барлық бөлімдерінде жүйелі түрде көрініс тапқан.
Жобада ұлттық бірлік, егемендік, аумақтық тұтастық және зайырлылық қағидаттарының өзгермейтін құндылық ретінде бекітілуі мемлекеттің іргетасын нығайта түседі. Сонымен қатар білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға басымдық берілуі Қазақстанның болашағын ұзақмерзімді әрі өркениетті даму жолымен байланыстыратын стратегиялық таңдауды айғақтайды.
Маңызды жаңалықтардың бірі – цифрландыру дәуіріндегі адам құқықтарын қорғау нормаларының Конституция деңгейінде алғаш рет бекітілуі. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қатынастарға құқықтық жауап беріп қана қоймай, азаматтардың жеке өмірі мен дербес деректерінің қорғалуына қосымша кепілдік береді.
Жаңа Конституция жобасының кең қоғамдық талқылау арқылы әзірленуі оның саяси және құқықтық легитимділігін күшейтеді. Азаматтардың, сарапшылардың, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары ескерілген бұл үдеріс қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің нығаюына ықпал етеді.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы – Әділетті Қазақстан идеясын нақты құқықтық мазмұнмен толықтыратын, тұрақтылық пен жаңғыруды үйлестіре білген, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін тұғырлы құжат деп бағалауға толық негіз бар.
Жылқайдаров Төлеутай, Ерейментау ауданы әкімінің құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңесшісі



