Медеу Әбжіков: Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік құқықтық негізі

Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның саяси және құқықтық дамуындағы жаңа сапалық кезеңнің басталғанын айқын көрсетеді.
Құжаттың тұжырымдамалық өзегіне адам құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық ретінде шығарылуы – мемлекеттің азаматқа бет бұрғанын білдіретін маңызды әрі уақыт талабына сай шешім. Бұл қағидат Конституцияның жекелеген баптарында ғана емес, оның бүкіл рухы мен мазмұнында жүйелі түрде көрініс тапқан.
Жобада білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға ерекше мән берілуі елдің болашағын табиғи ресурстармен емес, адами капиталмен байланыстыратын стратегиялық көзқарасты айқындайды. Сонымен қатар цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау туралы нормалардың енгізілуі мемлекет пен қоғамның жаңа технологиялық дәуірге бейімделуге дайын екенін көрсетеді.
Конституциялық өзгерістердің кең қоғамдық талқылаудан өтуі – азаматтық қоғамның рөлін арттырып, халықтың саяси үдерістерге қатысу мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін оң тәжірибе. Бұл тәсіл қабылданатын шешімдердің легитимділігін күшейтіп, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайта түседі.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы әділеттілік, заң үстемдігі және қоғамдық келісім қағидаттарына сүйенген, елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына бағытталған кешенді әрі болашаққа бағдарланған құжат ретінде оң бағалауға лайық.
Медеу Ерболұлы Әбжіков, Ерейментау ауданы маслихатының төрағасы



