Ерейментауда ауыл шаруашылығын дамытуға арналған форум өтті

Ерейментау ауданында «Ерейментау ауданының ауыл шаруашылығын дамыту» тақырыбында диалог форматындағы форум өтті. Жиынға қала, ауыл және ауылдық округ әкімдері, фермерлер, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен ғылым өкілдері қатысты.
Форумның мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және жаңа бағыттарды анықтау болды. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Медеу Әбжіков, аудан әкімінің орынбасары Талғат Кәрібжанов, депутаттар, «Amanat» партиясы өкілдері және салалық мамандар қатысты.
Баяндамаларда агротехнологияларды енгізу, тыңайтқыш қолдану тиімділігі, өсімдіктерді қорғау шаралары, ғылым мен тәжірибе байланысы және фермерлік шаруашылықтың қазіргі сын-қатерлері көтерілді.
Форум барысында Торғай ауылында «Фермерлер үйін» салу жоспарланып отырғаны айтылды. Ол кәсіпкерлерге тәжірибе алмасу және кооперация алаңы болмақ. Сонымен қатар қатысушылар «Ауыл аманаты» бағдарламасына қызығушылық танытып, оның мүмкіндіктерін талқылады.
Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беріп, өңірдің әлеуетін арттырады.



