Конституциялық реформа: ел дамуының заманауи жаңа белесі

Қазақстан ХХІ ғасырдың екінші ширегіне елеулі тарихи өзгерістермен қадам басып отыр. Халықтың талқысына ұсынылған конституциялық реформа – заңнамалық жаңару ғана емес, ол – бүгінгі құбылмалы әлемде егемен еліміздің нақты бағыт-бағдары мен баянды болашағының құжаттық кепілдемесіне айналмақ.
Елімізді жаһандық өркениеттің ажырамас бір бөлшегі ретінде бүгінде «орта держава» мәртебесіне көтерілуде. Сондықтан да соңғы уақытта қоғам санасына берік орныға бастаған «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат», «Заң және тәртіп» қағидилары мемлекеттік құрылыстың басты компонененттері ретінде қалыптаса бастады. Ендігі жерде осы базалық принциптерді мемлекетіміздің Бас құжатына енгізу – еліміздің ертеңі үшін ең үлкен басымдықтардың бірі болмақ.
Конституцияның жаңартылған мәтінінде адам құқықтары айқын әрі жан-жақты бағдарланып отыруы – қуанышты жайт. Яғни, адам құқықтары мен бостандықтары тек жаңа Преамбулада ғана көрініс тауып қоймай, бүкіл Ата Заңның мағыналық, мазмұндық өзегіне айналғалы отыр. Бұл қағида мемлекеттің барлық саяси және құқықтық шешімдерінде адам мүддесін бірінші орынға қоюды көздейтінін тағы бір рет айқындайды.
Тағы бір атап өтер жайт, жаңа нұсқада дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, зайырлылық қағидаты айқын бекітілмек. Бұл өркениетті қоғам үшін ең қажетті талаптар. Бұған қоса, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты конституциялық деңгейде нақтыланып, қоғамның тұтастығы мен мемлекет тұрақтылығының маңызды негізі ретінде белгіленеді.
Қоғамның сұранысына сай туындаған келесі елеулі өзгеріс – неке ұғымының нақты белгіленуі дер едік. Бұл халқымыздың «Отан – отбасынан басталады» деген қастерлі сөзіне мемлекеттік деңгейде мән берілуінің көрінісі. Жаңа редакцияда неке ер адам мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекітіледі. Дәлірек айтсақ, бұл норма дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға бағытталған.
Түйіндеп айтсақ, бұл реформа – Қазақстан халқы үшін үлкен тарихи мүмкіндік. Әлбетте, бұл мүмкіндікті іске асыратын – билік пен халықтың ортақ жауапкершілігі. Сол себепті келешекте заң үстемдігі шынайы сақталып, жаңа нормалар саяси мәдениетті шыңдап, қоғамдық санаға түбегейлі өзгерістер әкелу арқылы туелсіз еліміз дамудың заманауи жаңа белесіне көтерілетініне сенімдіміз.
Қуат Бораш



