Ерейментаудағы волейбол: жетістік пен жаңа белес

Соңғы жылдары Ерейментау ауданында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе волейбол спортына деген қызығушылық айтарлықтай артып отыр. Бүгінде бұл спорт түрімен жасөспірімдер де, ересектер де белсенді түрде айналысуда. Қыздар мен ұлдар, ерлер мен әйелдер командалары жасақталып, түрлі деңгейдегі жарыстарда аудан намысын қорғап, өңір беделін көтеруге өз үлестерін қосып келеді.
Смағұлов Мадияр Қабиденұлы өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
Мен 1991 жылдың 13 қыркүйегінде Ақмола облысы Астрахан ауданының Ковыленка ауылында дүниеге келдім. Екі жасымнан бастап Ерейментау қаласында тұрып келемін.
Жоғары білімді Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінде алып, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын меңгердім. Сонымен қатар, Абай Мырзахметов атындағы университетте магистратураны тәмамдап, «Педагогика және психология» мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім.
Қазіргі таңда Ерейментау қаласындағы Төлеу Шаханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етудемін. Сонымен қатар, Ерейментау балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейболдан жаттықтырушы қызметін қатар алып келемін.
Осы ретте мектеп әкімшілігіне және директор Жапабаев Ермұхан Темірғалиұлына әрдайым қолдау көрсетіп, сенім білдіріп жүргені үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Отбасылымын. Ұл-қыз тәрбиелеп отырған әкемін.
Ақмола облысы бойынша алғаш рет Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті тарапынан «Классикалық волейбол» спорт түрінен «Ұлттық спорт төрешісі» біліктілік санаты берілді. Осы жетістікке қалай қол жеткіздіңіз? Бұл атақтың сіз үшін маңызы қандай?
— Мені волейбол спортына төртінші сыныпта әкем алып келді. Сол уақыттан бері бұл спорт түрімен үздіксіз айналысып келемін. Ерейментау балалар-жасөспірімдер спорт мектебін тәмамдадым.
Жаттықтырушым Дукарт Александр Францевич маған волейболдан І разряд беріп, спорттық төреші куәлігін табыстады. Он бірінші сыныпты аяқтаған соң, осы куәлік арқылы университет қабырғасында төрешілік қызметімді бастадым.
Кейіннен Қазақстан волейбол федерациясының назарына ілігіп, түрлі семинарлар мен жарыстарға шақырту ала бастадым. Уақыт өте келе ұлттық және жоғары лига деңгейіндегі ойындарға төрешілік етуге мүмкіндік алдым.
Бұл жетістіктің мен үшін маңызы ерекше. Себебі маған Ақмола облысы бойынша алғаш рет «Классикалық волейбол» спорт түрінен «Ұлттық спорт төрешісі» біліктілік санаты беріліп отыр. Бұл – үлкен сенім әрі жауапкершілік.
Сондай-ақ, бұл жетістік жастарға үлгі болады деп есептеймін. Қазіргі таңда жас спортшыларды төрешілікке баулып, жарыстарда тәжірибе жинақтауларына көмектесіп жүрмін.
Жалпы, волейбол спортына қатысуға ниет білдірушілер саны қандай?
Өңірімізде волейбол спортына қызығушылық танытатын ұл-қыздардың саны жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда олар Ақмола облысының намысын қорғап, Қазақстан Республикасының чемпионаттарына белсенді түрде қатысып жүр.
Бүгінде жастардан құралған Ерейментау, Ерейментау балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, «Еркіншілік-1», «Еркіншілік-2», Тайбай, Өлеңті, Майлан, сондай-ақ Н. Смағұлов атындағы мектеп-лицейінің командалары жасақталып, аудан тарихында бұрын-соңды болмаған түрлі лига жарыстарына қатысып келеді.
Волейбол командалары қалай жасақталады?
Қатысушыларды іріктеу барысында арнайы талаптар мен кезеңдер қарастырылған ба?
Командалар көбіне бір ұжымнан немесе бірнеше ойыншының өзара келісуі арқылы құрылады. Негізгі талап – мандатты комиссия тексерісі кезінде қатысушылардың аудан аумағында тіркелуі. Осы талап орындалған жағдайда, олар жарысқа қатысуға мүмкіндік алады.
Іріктеу барысында арнайы кезеңдерден гөрі, ойыншылардың дайындығы мен деңгейіне баса назар аударылады. Яғни, жаттықтырушылар мен ұйымдастырушылар балалардың шеберлігін, ойын тәжірибесін ескеріп, үздік ойыншыларды команда құрамына енгізеді.
Біздің өңірде волейбол спорты қаншалықты деңгейде дамыған деп ойлайсыз? Инфрақұрылым мен спорттық база жеткілікті ме?
Бүгінде волейбол спорты қарқынды дамып келеді. Аталған спорт түріне деген қызығушылық артып, қатысушылар қатары жыл санап көбейіп отыр. Әсіресе, оқушылар арасында волейболға әуес қыздар саны басым. Мысалға, жұбайым Сәния Сәрсенбайқызы жаттықтыратын топтардың бірінде қырықтан астам қыз бала бар. Жалпы, оның жетекшілігінде үш топ тұрақты түрде жаттығу жүргізуде.
Ауданымызда волейболды дамытуға қажетті инфрақұрылым мен спорттық база жеткілікті деңгейде қалыптасқан. Атап айтқанда, заманауи физикалық-сауықтыру кешені мен балалар-жасөспірімдер мектебі жұмыс істейді. Аталған мекемелердің директоры Таханов Марат Әбдусаматұлы тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп, спортшыларға барлық жағдай жасалуда. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмай, сұранысқа сай шешімін табуда.
Бұл салада әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар бар ма?
Қандай кемшіліктер мен өзекті мәселелерді атап өтер едіңіз?
Қазіргі таңда жағажай волейболына арналған арнайы алаңның қажеттілігі туындап отыр. Себебі жаз мезгілінде волейбол ойнайтын жабық ғимараттар уақытша қолжетімсіз болады. Осы орайда ашық алаңдардың болуы — спорттың үздіксіз дамуына үлкен мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта «Жігер» стадионы қайта жаңғыртудан өтетін болса, сол аумақта жағажай волейбол алаңын салу қажет. Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда, өңірдегі спорт инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарып, жастардың спортқа деген қызығушылығы одан әрі арта түспек.
Жалпы, өңірімізде ойын алаңдарының саны артқан сайын, волейбол спортының да дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Волейболмен айналысатын командалардың жетістіктері қандай?
Соңғы уақыттағы маңызды жеңістер мен табыстарға тоқталып өтсеңіз.
Жылдар бойы жүйелі еңбектің нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Бүгінде ерлер және қыздар құрамаларынан жасақталған командалар Ақмола облысы бойынша үздік үштіктің қатарынан көрініп жүр.
2025 жылы өткен Ақмола облысының чемпионатында 2009–2010 жылдары туған ұлдар құрамасы қола жүлдеге ие болды. Ал 2011–2012 жылдары туған қыздар командасы күміс медаль жеңіп алып, жоғары нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда, наурыз айында Екібастұз қаласында мұғалімдер арасында өткен жарыста жүлделі ІІІ орынды иелендік. Сондай-ақ, 28 наурыз күні Аршалы ауданында ұйымдастырылған турнирде 12 команданың ішінен ІІІ орынға тұрақтадық. Ерейментау балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы Кульский Эдуард «Үздік шабуылдаушы» аталымымен марапатталды.
29 наурыз күні Ерейментау ауданында волейбол лигасы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Аталған лига барысында демеушілік қолдау көрсеткен қаладағы жеке кәсіпкерлердің сертификаттары ойнатылып, қатысушыларға табысталды.
Сұхбат соңында оқырмандарға және волейбол сүйер қауымға айтар ізгі тілегіңіз қандай?
Ең алдымен, барша оқырмандар мен волейбол сүйер қауым спортқа деген қызығушылықтарыңыз ешқашан сөнбесін. Әсіресе жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты айналысуға шақырамын. Волейбол — тек ойын ғана емес, ол тәртіпке, бірлікке және табандылыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп. Сондықтан баршаңызды осы спорт түрін дамытуға атсалысып, қолдау көрсетуге үндеймін. Еліміздің көк туын көкке көтеретін жас спортшыларымыз көп болсын!
Сұхбаттасқан Гүлдана БАЛТАБАЙҚЫЗЫ



