Референдум

Болашаққа бастайтын таңдау

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

«Ереймен» газеті бас редакторының орынбасары:

Алдағы 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияға қатысты референдум – еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Мұндай шешуші сәттерде әр азаматтың белсенділігі ерекше маңызға ие. Өйткені референдум – халықтың өз тағдырына өзі жауап беріп, мемлекет дамуының бағытына тікелей ықпал ететін демократиялық құрал.

Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыратын басты құжат. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттің міндеттері мен қоғам өмірінің негізгі қағидаттары айқындалады. Сондықтан негізгі заңды жетілдіру мәселесіне қоғамның бейжай қарамауы өте маңызды.

Бүгінгі өзгерістердің басты мақсаты – заң үстемдігін нығайтып, әділетті қоғам қалыптастыру. Мемлекет пен халық арасындағы сенімді арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау – кез келген реформаның өзегінде тұратын құндылықтар. Осы тұрғыдан алғанда референдум – халықтың пікірін ескеріп, маңызды шешімді бірге қабылдаудың тиімді жолы.

Менің ойымша, ел тағдырына қатысты осындай маңызды сәтте әр азамат өз азаматтық ұстанымын білдіруі тиіс. Өйткені Қазақстанның болашағы – баршамызға ортақ. Біздің бірлігіміз бен белсенділігіміз ғана елдің дамуына жаңа серпін береді.

Сондықтан барша отандастарымды 15 наурыз күні өтетін референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырамын. Бұл – еліміздің болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың парызы деп білемін. Бірлігіміз бекем, еліміз аман болсын.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button