Аса маңызды науқанға бірге қатысайық

Еркеғали БЕЙСЕНОВ,
«ЕРЕЙМЕН» газетінің бас редакторы:
Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануына ерекше мүдделілік танытамын. Бұл маңызды саяси іс-шараны әрбір азамат үшін елдің болашағына әсер ететін шешім деп білемін. Сондықтан биылғы 15 наурызда өтетін Республикалық референдумға барша жұртпен бірге қатысу – мен үшін басты бір парыз және зор жауапкершілік.
Референдумға қатысуға 18 жасқа толған барлық азамат хақылы. Сол себепті мен өз құқығымды толық пайдаланып, еркін, саналы түрде дауыс беремін. Бастысы, мұнда азаматтардың референдумға ерікті қатысуына, пікірін еркін білдіруіне, сондай-ақ жалпыға бірдей, тең, тікелей және жасырын дауыс беруіне мүмкіндік жасалған. Шын мәнінде бұл да біздің еліміздегі демократиялық үдерістің айқын бір көрінісі.
Бұл ретте әрбір азамат өз пікірін білдіру арқылы туған елінің дамуы мен болашағына өлшеусіз үлес қоса алады. Референдумда қаралатын басты мәселе – «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген бір-ақ сұрақ. Осы сұраққа өз жауабыңызды жазбаша түрде берсеңіз, сіздің сол бір ғана даусыңыздың өзі еліміздің жаңа заңнамалық негіздерін қалыптастыруда шешуші рөл атқаруы әбден мүмкін.
Қазір референдум учаскелерінің шекаралары бекітіліп, аумақтық және учаскелік комиссияларының құрамдары мен орналасқан жерлері белгіленіп отыр. Енді тек бір нәрсе ғана қалды. Ол – сол комиссиялар арқылы өз даусымызды беру. Сізді де елдік мүддеге бейжай қарамайды деп сенемін, қадірлі қауым!
Қазақстанның жаңа Ата Заңы – сіз бен біздің болашағымыздың, егемендігіміздің және жеке құқығымыздың кепілі. Сондықтан әрбір азамат өзінің жауапкершілігін сезініп, референдумға қатысуды аса маңызды қадам деп санауы керек деп ойлаймын.



