«Алтын Қазық» ЖШС референдумды қолдайды

Қосшы қаласында ет өңдеу саласында табысты жұмыс істеп келе жатқан «Алтын Қазық» ЖШС ұжымы республикалық референдумды қолдайтынын мәлімдеді. Кәсіпорын заманауи технологияларды енгізу арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық өнім көлемін арттыруға өз үлесін қосып келеді, деп хабарлайды ereimeninfo.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде серіктестік етті өңдеу, дайын өнім шығару және оны ішкі нарыққа жеткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Өндірістің тұрақты дамуы үшін сапа стандарттарын сақтау, санитарлық талаптарды қатаң ұстану және еңбек ұжымының кәсіби біліктілігін арттыру басты назарда. «Алтын Қазық» ЖШС үшін референдумға қатысу – кәсіпкерлік саласын дамытуға, заңнамалық тұрақтылықты нығайтуға және адал еңбекке негізделген экономиканы қолдауға бағытталған қадам.
Кәсіпорын директоры Айдар Нигметов ел дамуының негізі тұрақтылық пен ашықтықта екенін атап өтті:
«Өндірістегі табыс – ең алдымен тұрақтылық пен нақты ережелердің нәтижесі. Біз үшін мемлекет тарапынан түсінікті әрі әділ заңнаманың болуы аса маңызды. Сонда ғана кәсіпорындар сенімді дамып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасына нақты үлес қоса алады. Біз референдумды ел болашағына бағытталған жауапты шешім ретінде қолдаймыз», – деді Айдар Нигметов.
Ұжымның пікірінше, елдегі ауқымды өзгерістер кәсіпкерлікке жаңа серпін беріп, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік ашады. «Алтын Қазық» ЖШС қызметкерлері әділдікке, еңбекке құрмет пен жауапкершілікке негізделген қоғам құру жолындағы бастамаларды қолдайтынын білдірді.



