Жаңа роман жарық көрді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Амангелді Иман» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен (төрайымы – Толқын Сұлтанова) керекулік ақын, жазушы Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» атты романының тұсаукесер рәсімі болды, деп хабарлады ereimeninfo.kz ақпарат агенттігі.
Кешке Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы, Парламент Мәжілісінің депутаттары, тіл жанашыры, ақын Қазыбек Иса мен Нұржан Әшімбетов, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, белгілі жазушы Мәди Айымбетов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, жазушы Нұржан Қуантайұлы, жазушы, аудармашы Айгүл Кемелбаева мен басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған қаламгерлер жаңа романның тақырыбының тосындығын, композициялық құрылымын, оқиғаны өрбітуін, тілдің жатықтығы мен басқа да жетістіктерін айта келіп, бүгінгі заманауи прозаға қосылған өз айтары бар шығарма екенін атап көрсетті.
-Бұл шығарма әлеуметтік желі бетінде «детективтік роман» деп аталып жүргенімен, бұл таза детективтік туынды емес. Негізінен оны экшн жанрына жатқызған дұрыс болар. Кітаптың құрылымы шытырман оқиғалы, бұның ішінде ұлттық нақыш та, кейіпкер монологы да, новеллистка элементері де бар. Оқиғасы шымыр өрілген, оқырманды еріксіз жетелеп отырады, — деді Серік Негимов.
Кітап авторы Сайлау Байбосын шығармаларымен бұрыннан таныс сенатор Алтынбек Нухұлы роман жайлы өз ойын айта келіп, автордың ақындығына, шежіреші-өлкетанушылығына, мұрағатшылығын атап өтті. Сонымен бірге ол қаламгердің прозадағы осы бір үлкен туындысы бүгінгі оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесі болатынына сенімдімін білдірді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, жазушы Айгүл Кемелбаева, кәсіпкер Еркін Сейітжанов, журналистика ардагері Бадуан Имаш пен басқа да жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері шығарма жайлы өз ой-пікірлерін білдіріп, тіпті оны фильмге сұранып тұрған дайын дүние екенін де ескертті.
Отырыста сөз сөйлеушілер алдағы уақытта автордан бұдан да тартымды дүниелер күтетінін айтып, шығармашылық табыс тіледі.
Кеш соңында жазушы Сайлау Байбосын «Амангелді Иман» қоғамдық қорының өкілдеріне Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 20 томдығын сыйға тартты.
Кітап авторы мен ұйымдастырушылар тұсаукесер кешті өткізуге қолайлы жағдай туғызған Ұлттық академиялық кітапхананың қызметкерлеріне алғыс айтты.



