«Қызылту» ЖШС Ерейментауда әлеуметтік-инвестициялық жобаларды іске асыруда

Ерейментау ауданында мыс рудасын өндіретін «Қызылту» ЖШС соңғы жиырма жылда өңірдің экономикасы мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Компания 2006 жылы құрылған және бүгінде ауданның тірек кәсіпорындарының бірі саналады.
2024 жылы кәсіпорын 1,225 млн тонна өнім өндірді. Өндіріске жұмсалған шығындар 7,8 млрд теңгені құрады. Зауытта 120 адам еңбек етеді, орташа жалақы 359 мың теңге.
Инфрақұрылым бойынша маңызды қадамдардың бірі — кен орнын мемлекеттік меншікке берілген айналма теміржолмен қамтамасыз ету. Бұл жобаның арқасында кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігі кеңейіп, өңірдің логистикасына да оң әсер етті.
Компания ұзақ мерзімді стратегиялық инвестицияларды жалғастыруда. Қазіргі уақытта қуаттылығы жылына 3 млн тонна болатын байыту фабрикасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Келешекте қуат 6 млн тоннеге дейін ұлғайтылады. Жоба құны — 1,03 млрд теңге. 2025 жылғы инвестициялар көлемі 292 млн теңге болды.
«Қызылту» ЖШС әлеуметтік саланы да қолдайды. Соңғы үш жылда 42,6 млн, 11,6 млн және 4,7 млн теңге әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталды. Қызылту және Майлан ауылдарында ұзындығы 6 км көшелер жарықтандырылып, қосымша 1,5 км учаске іске қосылды. Бұл 2000-ға жуық тұрғынның күнделікті қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын жақсартты.
Кәсіпорын аумағында қызметкерлерге арналған спорт және демалыс аймақтары салынды — футбол алаңы, спорт алаңшалары мен воркаут кеңістігі жұмыс істейді.



