«Емтихан» драмасының тегін көрсетілімі өтті

Ақмола облыстық Ш. Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында өңірдің 200 оқушысына арналған «Емтихан» («Құрметті Елена Сергеевна») драмасының тегін көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ereimeninfo.kz ақпарат агенттігі.
Шара Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталды.
2021 жылғы 8 желтоқсанда премьерасы өткен спектакль бүгінгі жасөспірімдер ортасында өзекті болып отырған мәселелерді көтереді. Қойылымның негізгі өзегінде – бағаны қандай жолмен болса да түзеткісі келетін оқушылар мен қиын өмірлік жағдайда қалған мұғалім арасындағы психологиялық қақтығыс жатыр. Ұрпақтар арасындағы қайшылық арқылы спектакль көрерменді моральдық таңдау, жеке жауапкершілік және рұқсат етілетін шектің қайда аяқталатыны туралы ойлануға жетелейді.
Қойылымда актерлер актриса Маржан Букешова, Асланбек Шайсұлтанов, Әсем Шайсұлтанова, Намыс Мақсатұлы және Жалғас Туйгунбеков өнер көрсетті. Спектакль Ақмола облысы мәдениет басқармасының қолдауымен өтіп, жастардың құқықтық әрі рухани мәдениетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды.



