Астанада жаңа Конституция жобасы бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары өтті

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері Астанадағы еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен, жастармен бірқатар мазмұнды кездесу өткізді, деп хабарлайды ereimeninfo.kz ақпарат агенттігі.
Ашық диалог форматында ұйымдастырылған іс-шаралардың басты тақырыбы жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және алдағы референдум болды.
Іс-шаралар легі білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орнында, өндірістік нысанда және белсенді жастар өкілдерімен ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды. Кездесулердің негізгі мақсаты – қоғаммен тікелей диалог орнатып, ел дамуының басым бағыттарын түсіндіру және ұсыныстарды талқылау. Жұмыс тобының құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары, жергілікті билік өкілдері мен мәслихат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғам белсенділері болды.
Алғашқы кездесу №115 «Келешек мектеп» ұжымымен өтті. Жиында білім саласының өзекті мәселелері, жас ұрпаққа сапалы тәрбие мен білім беру бағытындағы реформалар сөз болды. Спикерлер білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар мен педагог мәртебесін арттыру шараларына тоқталды.
Сонымен қатар кездесулер С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде жоғары білім беру саласының қызметкерлерімен өтті. Кездесу барысында ғылым мен өндіріс байланысын нығайту, еңбек нарығына бейімделген мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Жалпыұлттық коалиция өкілдері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен және жастарымен де кездесу өткізіп, жаңа Конституцияның жастар саясатына, білім беру жүйесіне және жас буынның мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпалы туралы пікір алмасты.
Бұдан бөлек, мәдениет және театр саласының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, жаңа Конституциядағы шығармашылық еркіндік, мәдениет қайраткерлерінің құқықтары мен қоғамдағы мәдени даму бағыты сөз болды.
Конституциялық реформа: Ел дамуының жаңа кезеңі
Ақпараттық іс-шаралар аясында жұмыс тобы «Mabetex Group» компаниясының қызметкерлерімен, «Астана әлеуметтік технологиялар» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен, «Нұрлы жол» теміржол вокзалының ұжымымен және №3 сорғы-сүзгі станциясының (НФС-3) қызметкерлерімен кездесті.
Сондай-ақ №24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде де кездесу өтті. Іс-шараға өрт сөндіру бөлімдерінің шамамен 100-ге жуық құтқарушысы мен қызметкерлері қатысты.
Коалиция өкілдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде де кездесу өткізді. Мұндағы іс-шараға 1200-ден астам сарбаз бен әскери қызметші қатысты.
Референдум-2026: Дауыс беру учаскесін ЖСН арқылы қалай табуға болады?
Кездесулер барысында сөз сөйлеген спикерлер жүзеге асырылып жатқан реформа туралы айтты.
«Жаңа Конституция жобасы 11 бөлім мен 96 баптан тұрады және мемлекет адамға қызмет етуі тиіс деген негізгі қағиданы бекітеді. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентті «Құрылтай» деп атау бастамасы тарихи сабақтастықты нығайтуға бағытталған», деді Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов
Күннің екінші жартысында «Тұран» газ жылу станциясының ұжымымен кездесу өтті. Онда энергетика саласының маңызы, өндірістегі қауіпсіздік және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері қозғалды.



